АҚШ: Миннеаполисте федералдық агенттер қолынан тағы бір адам қаза тапты
АҚШ-тың Миннесота штаты Миннеаполис қаласында федералдық шекара қызметінің агенті жергілікті тұрғынды атып өлтірген. Бұл оқиға үш баланың анасы, 37 жастағы Рене Гуд иммиграция және кеден қызметі (ICE) өкілі атқан оқтан қаза тапқанынан кейін 17 күн өткенде болды.
CNN дерегінше, бұл жолы мерт болған адам — 37 жастағы Алекс Претти. Оның ата-анасы Associated Press агенттігіне ұлдары жансақтау бөлімінде медицина қызметкері болып жұмыс істегенін айтқан. 24 қаңтар күні таңертең болған оқиға орнына жеткен полиция бірнеше оқ тиген ер адамды тапқан. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан, бірақ ол адам ауруханаға апара жатқан кезде көз жұмған. Оның АҚШ азаматы екені ресми түрде расталды.
АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің баспасөз хатшысы Триша Маклахлин Миннеаполисте "зорлық-зомбылық сипатындағы шабуыл жасап, іздеуде жүрген заңсыз мигрантты" ұстау операциясын жүргізіп жатқан федералдық шекара қызметі өкілдеріне қолында тапаншасы бар бір адам жақындаған деп айтқан ВВС медиасына. Оның сөзінше, әлгі адам өзін қарусыздандырмақ болған шекарашыларға қарсылық көрсетіп, салдарынан агент оқ атуға мәжбүр болған.
Миннесота билігі оқиға кезінде түсірілген видеолар Ішкі қауіпсіздік министрлігінің "қарсылық көрсетті" дегені "бос сөз" әрі "өтірік" екенін көрсетеді деп, бұл атыс оқиғасын штат тергеушілері тексерсін деген талап айтты. Хеннепин округі прокуроры Мэри Мориарти де сондай талап қойып отыр.
Миннесота штатының губернаторы, демократ Тим Уолз Ақ үймен байланысқа шығып, федералдық агенттерді штаттан әкетуді талап еткенін мәлімдеді. "Миннесота бұған әбден тойды. Бұл — жиренішті жағдай. Президент бұл операцияны тоқтатуы керек. Мыңдаған қатыгез, даярлығы жоқ офицерлерді Миннесотадан әкетсін. Дереу түрде", — деп жазды Уолз X әлеуметтік желісінде.
АҚШ президенті Дональд Трамп Уолз бен жергілікті билік өкілдерінің сынын қабылдамады. "Қала мэрі мен губернатор өздерінің паң, қауіпті әрі менмен риторикасымен бүлікке арандатып отыр!" — деп жазды Трамп Truth Social желісінде. Ол ICE жүргізген операциялар барысында "зорлық-зомбылыққа бейім көптеген қылмыскерді қоса алғанда, 12 мың заңсыз иммигрант ұсталып, Миннесотадан шығарылғанын" айтты.
Трамптың кеңесшісі Стивен Миллер де Миннесота басшылығын "бүлікке арандатып отыр" деп айыптады. "Сіздер және штаттың бүкіл демократиялық басшылығы бір ғана мақсатпен — елімізге заңсыз басып кіргендердің депортациясын тоқтату үшін бүлік отын қоздатып отырсыздар", — деп жазды Миллер X желісінде, ол қаза тапқан адамды "ішкі террорист" деп атады.
Қатты аязға қарамастан, Минеаполисте ICE әрекеттеріне қарсы наразылық шерулері тағы да өтті. Шеруге қатысушыларға қарсы жас ағызатын газ бен жарқылдап, қатты дыбыс шығаратын арнаулы құралдар қолданылды.
Бір апта бұрын АҚШ Әділет министрлігі Миннесота губернаторы Тим Уолз бен Миннеаполис мэрі Джейкоб Фрейге қатысты федералдық иммиграциялық агенттер жұмысына кедергі келтіру мақсатында жасырын сөз байласқан деген күдікпен тергеу бастаған еді.