Рамзан Қадыров ұлы Адам Қадыровқа қатысты видео жариялады
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Адам Қадыровтың өз тапсырмасы бойынша республиканың күштік құрылым командирлерімен кеңес өткізгенін айтты. Оның сөзінше, сол жиыннан түсірілген кадрлар Адам Қадыровтың Telegram-арнасында жарияланған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сондай-ақ, Рамзан Қадыров Адам Қадыровтың кезекті марапат алғанын да мәлімдеді.
Бұған дейін БАҚ-та Рамзан Қадыровтың ұлы Адамның жол апатына түсіп, Мәскеуге жеткізілгені туралы хабарлаған еді.
Шешенстан басшысы 17 қаңтардағы жазбасында бұл ақпарат жөнінде ештеңе айтқан жоқ.
Оның айтуынша, Адам Қадыров күштік құрылым өкілдерімен кеңес өткізіп, Шешенстанда алдағы сайлауды өткізуге дайындық мәселелерін, республиканың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайын және басқа да тақырыптарды талқылаған.
Сондай-ақ, осы жазбада Адам Қадыровтың кезекті марапат - "Атом электр станцияларының қауіпсіздігін арттырудағы еңбегі үшін" алтын медалімен наградталғаны айтылған.
"Ол "Росэнергоатом" концерні АҚ бұйрығымен арнайы әскери операция кезеңінде Запорожье АЭС-ін күзету мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруға қосқан елеулі үлесі мен көрсеткен қолдауы үшін осы марапатқа лайық деп танылды", - деп жазды Рамзан Қадыров.
Еске салайық, 16 қаңтарда БАҚ-та Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы - Адам Қадыров Грозныйда болған жол апатынан кейін ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде жатқаны туралы хабар тараған еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!