"Жомарт" кенішіндегі апат: кеншілер қарапайым жұмысшылардың тергелуіне қарсы
Жеті адамның өмірін қиған "Жомарт" кенішіндегі апатқа байланысты істе қарапайым жұмысшыларға айып тағылып жатыр. "Біз бұған қарсымыз" деп мәлімдеді жұмысшылар осы аптада жариялаған видеомәлімдемелерінде.
"Біз, «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазғандағы шахта өткел трестінің жұмысшыларымыз. Біз былтыр 17 ақпанда кеніште 7 адамның қайтыс болуына байланысты кінәні осы трестегі жігіттерге артуына қарсымыз" дейді видеомәлімдемеде.
Мәлімдеме авторлары апатты әділ әрі объективті тергеуді талап еткен. Видеода 20-дан астам адам көрінеді.
Ұлытау облыстық полиция департаментінің өкілдері іс бойынша тергеу аяқталғанын, бірақ қанша адамға айып тағылғанын және олардың қызметін айтпады.
"Кеніштегі апатқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды. Жауапты тұлғалардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 277-бап 3-бөлігі бойынша (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) сараланды. Қылмыстық іс материалдары тараптарға танысуға жіберілді. Өзге мәлімет жарияланбайды" деді полициядағылар ҚазТАГ-қа.
Аталған бап 3-8 жыл аралығында түрме жазасы немесе осы уақыт аралығында аталған қызметпен айналысуға тыйым салуды қарастырады.
Бұған дейін жезқазғандық белсенді Берік Жағыпаров әлеуметтік желіде жұмысшылардың видеомәлімдемесін таратқан. Ондағы ақпаратқа қарағанда, Жезқазған шахта өткел трестінің үш жұмысшысы тергелген, ал "Қазақмыс" корпорациясының топ менеджменті өкілдерінен ешкім тергеуге ілінбеген.
Корпорация басшылығы әзірге мәлімдемеге реакция білдірмеді.
2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс" корпорациясының "Жомарт" кенішіндегі шахтада апат болып, жеті жұмысшы қаза болды. Үкімет комиссиясы апатқа алдын ала қорытынды бойынша, метан жарылысы себеп болды деп мәлімдеген.Компания бастапқыда "тау жынысы опырылып түсті" деп хабарлаған еді. Кейін мұны жоққа шығарды."Қазақмысқа" тиесілі шахталар мен кен орындарында жұмысшылардың қаза болғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Былтыр қаңтар айында осы корпорацияға тиесілі Шығыс Жезқазған кенішінің "Анненск" шахтасында өндіріс орнында бір жұмысшы қаза болған. Корпорация сол кезде оны "жазатайым оқиға" деп атап, оқиғаның себебі анықталып жатқанын айтқан."Жомарт" кеніші – Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. Корпорацияның мәліметінше, оның үш өндіріс орнында (Балқаш, Жезқазған, Қарағанды) шамамен 37 мың адам жұмыс істейді."Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper. Жылдар бойы оны миллиардер Владимир Ким (Forbes басылымы оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалаған) және Эдуард Огайға (Forbes мәліметінше, 800 млн доллардың иесі) тиесілі Kazakhmys Holding Limited басқарған. Жуырда Kazakhmys-ты кәсіпкер Нұрлан Артықбаев сатып алатыны белгілі болды. Bloomberg-тің жазуынша, ол швейцариялық Mercuria Energy Group Ltd. трейдерлік компаниясы арқылы Kazakhmys-қа ие болмақ.