2027 жылы ҰБТ форматы өзгеруі мүмкін
2027 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы ілкі жоба ретінде өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бұл турал Сенатта БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова айтты.
— Америкалық компаниямен енді жұмыс істей бастаймыз. Бастапқы кезең процесі — келіссөздер, меморандум жасасу болды. Бұл бір күннің не бір жылдың жұмысы емес екені түсінікті. Ол барынша ұзаққа созылады және кезең-кезеңмен жүзеге асырылады, осыған орай, алдағы 2026 жылы ҰБТ-ның форматы да, мазмұны да өзгермейді, — деді вице-министр.
Осы орайда ол ҰБТ форматын өзгерту ілкі жоба ретінде 2027 жылдан бастап кезең-кезеңмен қолға алынуы мүмкін екенін айтты.
— Әрине, бұл мәселелердің бәрі қоғамға, балалар мен талапкерлерге міндетті түрде жеткізіледі, — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, ҰБТ-ның барлық тест сұрақтары бірнеше кезеңнен тұратын сараптамадан өтеді. Содан кейін ғана ҰБТ-ға енгізіледі.
— Сарапшылар тобы құрылып, оның құрамына ғалымдар, пән мұғалімдері кіреді. Сондықтан сұрақтар жан-жақты талқыланып, сараптамадан өтеді. Соған кейін ғана қолдануға жіберіледі, — деді Гүлзат Көбенова.
Айта кетелік 22 желтоқсанда ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталатыны туралы жазған едік.
Сообщение 2027 жылы ҰБТ форматы өзгеруі мүмкін появились сначала на ZhambylNews АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ - Жамбыл облысы жаңалықтары.