Қазақстанға қандастар қай елдерден келеді: Еңбек министрлігі дерегі
2025 жылы 14 828 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 162,9 мың этникалық қазақ көшіп келген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Биыл елге оралған қандастардың басым бөлігі Өзбекстаннан (44,5 пайыз) және Қытайдан (43,6 пайыз) келген. Сондай-ақ Түрікменстаннан – 4,1 пайыз, Моңғолиядан – 3 пайыз, Ресейден – 2,5 пайыз және басқа елдерден – 2,3 пайыз этникалық қазақ қоныс аударған.
1 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, қандастардың 57,4 пайызы еңбекке қабілетті жаста, 34 пайызы – кәмелет жасына толмағандар, ал 8,6 пайызы - зейнеткерлер. Еңбекке қабілетті жастағылардың 15 пайызы жоғары білімді, 27,6 пайызы орта арнаулы, 51,1 пайызы жалпы орта білімге ие, 6,3 пайызының білімі жоқ.
Қандастар еліміздің әр өңіріне қоныстанған. Еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары айқындалды. 2025 жылға бұл өңірлерге 2 309 адамға арналған квота белгіленіп, қазіргі уақытта 2 218 қандас орналастырылған.
Қоныстандыру өңірлеріне барған қандастарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшуге отағасына және әр отбасы мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы субсидия, сондай-ақ тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерге бір жылға 15–30 АЕК көлемінде өтемақы қарастырылған.
Жыл басынан бері 1 279 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, оның ішінде 356 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында тұрғын үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын жабуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Оның көлемі тұрғын үй құнының 50 пайызына немесе бір отбасыға 4,56 миллион теңгеге дейін жетеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!