Алматыда ҰҚК академиясының курсанты "өзіне қол салып", көз жұмған
Комитет курсант өз-өзіне қол салғанын айтады. Қазір полиция "Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу" бабымен тергеу бастаған.
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар қаза тапқандар, мертіккендер жиілеп барады. Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен әскер мен оның басшыларына кінә артады. Қатардағы жауынгерлердің қазасына әлімжеттік те себеп екені жиі айтылады. Ал ресми орындар мұның артында әлеуметтік себеп жатыр дейді.
Жас сарбаздардың қазасына қатысты істердің көбі бұлыңғыр әрі қоғамға ашық айтыла бермейді. Әскери психологтар мен отставкадағы әскерилер жауынгерлердің өлімін азайту үшін алдымен осыған дейін болған жағдайларды жеке-жеке тексеріп, ашық тергеу жүргізу керек деп санайды.