Полиция Шымкент әкімдігі алдында аштық жариялағандар мен жақтастарын күштеп әкетті
Жергілікті полицияның экстремизммен күрес жөніндегі бөлім жетекшісі Ернар Алтаев "адамдарды не үшін ұстап жатырсыздар?" деген сұраққа жауап бермеді.
Оқиғаны түсіріп жүрген Азаттық тілшісіне маска таққан қолшатыр ұстаған екі ер адам тағы кедергі келтірді. Олар қолшатырмен тілшінің камерасын жабуға тырысты.
Наразылар ұсталғаннан кейін әкімдік өкілдері аштық жариялаған белсенділердің көрпе-жастықтарын жинап, алып кеткен.
Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал, Шымкент, Өскеменде жалпы саны 20-дан астам адам бір жарым аптадан бері аштық жариялап жатыр. Олар биліктен саяси қуғынды тоқтатуды, "саяси тұтқындарды" босатуды талап етеді. Бұдан бөлек, "Көше партиясы" және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалыстарына шыққан сот шешімдерінің күшін жоюды сұрап отыр. Олардың пікірінше, аталған екі ұйым – "экстремизмге еш қатысы жоқ" бейбіт оппозициялық қозғалыстар.
2018 және 2020 жылы Қазақстан соты ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Еуропарламент биыл ақпан айында қабылдаған қарарында да Нұр-Сұлтанның экстремизм бабын саяси оппоненттеріне қарсы қолдануын сынаған.
Екі ұйымға шыққан сот шешімдері жарияланбады.