Жабайы алма
БІРІНШІ БӨЛІМ
КӨКІНАЙ
Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын. Соғыс жылдары біз, жас балалар, қалың бөргезге қол-аяғымызды қызыл ала жоса ғып жырғызып, ұзақты күнге алмадан алма таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік. Қышқылтым ақ алма тістегеніңде мұз шайнағандай қаршылдайтын. Сәлден кейін тісті қамап қалатын да зар қақтырып бастырмай тастайтын. Сонда да жейтінбіз Тапшылықта қабысқан қарынды алмамен болса да істелеп жұбату керек. Ішіміз көгеріп, ауырсына ыңқылдап жататын кезіміз де көп еді. Қоңыр самал соғатын, итмұрын, қарақат, бөргездердің неше алуан иісі аңқитын. Бірақ ақ алманың — жабайы алманың қымыз иісі бәрінен де ерекше еді. Қай жағыңа қарасаң да бұтақтары сынып кетердей боп...