Табылмаған мекен
Жаңа қоныс — разъезге көшіп келген күннің ертеңіне Уәзипа өз өмірінде бірінші рет ырым қылып көрші-қолаңдарына жеті нан таратты.
«Е, құдай, — деді аруақтарға күбірлей жүріп сыйынған Уәзипа, — осы жерде тұрақтасақ екен».
Шынында да бұл разъезд Уәзипаның ұзын Өмірбаймен отасқан он үш жылының ішіндегі он жетінші жаңа қонысы болатын. Ұзын Өмірбай Уәзипаның үшінші күйеуі еді де, Уәзипа ұзын Өмірбайдың төртінші әйелі еді.
Екеуінің алғаш қосылған кезі Уәзипаның әлі күнге көз алдында. Ол күндерде бұл отыздың мол ішінде болса да, құрсақ көтермегендіктен екі бетінен қаны тамған керім келіншек болатын. Алғашқы қыздай қосылған күйеуі соғыста хабарсыз кетіп, онан кейін ағайын-туғанының қақпайлауымен...