Қараңғы бөлменің құпиясы
Бүгін армансыз ойнадым. Балалармен бірге Түйемойнақтың тоғайына барып, қарақатқа әбден тойдық. Көкем мен апам болса, қанша жалынсам да, жібермес еді. Олар таң алакеуімінен тұрып аудан орталығына кеткен. Ертең бір-ақ қайтады. Ал әжем өте жақсы адам. «Бірдеңеге ұрынып қалмасаңдар болды. Барсаң, барып кел» деген.
Күні бойы байқамаппын, үйге әбден шаршап қайттым. Әжем алдыма әкеліп қойған асты ішуге шамам келмей, отырған жерімдегі көрпешеге қисая кетіппін. Әжем мені қалай көтерсін? Тек басымның астына жастық салып, үстіме көрпе жауыпты.
Түннің бір уағында шырт ұйқыдан оянып кеттім. Кешке дейін жеген қарақаттан болса керек, тілім аузыма сыймай шөлдеп жатыр екенмін. Бөлме тастай қараңғы. Көзге түртсе көргісіз....