Ағайынды алты құрт
«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» деп басталатын еді ғой ертегі.
Сол ерте, ерте заманда, дін мұсылман аманда ағайынды алты құрт өмір сүріпті.
Олар құрт болғанда жыбырлаған жәндік емес, кез келген қазақ сүйсініп жейтін құнарлы тағам болыпты. Жұт — жеті ағайынды болса, құрттар алты ағайынды болыпты.
Күндердің бір күнінде алты құрт аяңдап жолға шығыпты. Жер-жерді аралап, білмегендерін біліпті. Өздері елмен танысыпты, білмейтіндерге өздерін таныстырыпты.
Күндердің бір күнінде құрттар ойнап жүрген бір топ балаға жолығыпты. Олар бір-бірінен жөн сұрасыпты.
— Біз — ағайынды алтаумыз. Аты-жөніміз — Күлше, Сықпа, Шүйірмек, Жарма, Малта және Сүзбе, —...