Назарбаев пен Путин телефонмен сөйлесті
"Президенттер телефонмен әңгімеде алдағы кездесулер кестесін, оның ішінде бесінші рет өтетін Каспий саммиті аясындағы кездесуді талқылады" делінген Ақорда сайтындағы 23 шілдеде жарияланған хабарламада.
Каспий жағалауы елдерінің саммиті туралы бұған дейін журалистерге Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов хабарлаған. Оның сөзінше, бес ел саммитке қатысатынын растаған және қазір Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түркіменстан сыртқы істер министрлері оған дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Министр Әбдірахманов кездесудің күн тәртібі туралы айтпады. Министрлік мәліметінше, саммитте Каспий теңізінің мәртебесін айқындайтын конвенцияға қол қойылмақ.