Депутаттың Мирзияевті Нобель сыйлығына ұсыну бастамасы
Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы мүшесі әрі Наманған облыстық халық депутаттары кеңесі депутаты, Өзбекстанның ұлттық телерадиокомпаниясына қарасты арналардың бірінде режиссер болып жұмыс істейтін 50 жастағы Олимжон Тухтаназаров президент Шавкат Мирзияевке бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын табыстау керек деп санайды.
- Халық жүктеген өкілеттігімді пайдалана отырып Швейцариядағы Нобель сыйлығы құрылтайшыларын (Нобель сыйлығын Швеция корольдік ғылым академиясы береді – ред.) Өзбекстан президентіне бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын беруді сұраймын, - деді мамырдың 25-і күні намангандық депутат Олимжон Тухтаназаров Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісімен әңгімесінде.
Бір ғасырдан аса тарихқа ие Нобель сыйлығы физика, химия, физиология немесе медицина, әдебиет саласындағы жетістіктері үшін және бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін жыл сайын беріледі.
Депутат Олимжон Тухтаназаров Азаттыққа өзінің президент Мирзияев бұл беделді сыйлықтың жоғарыда аталған номинацияларының барлығы бойынша лайықты екенін айтады.
- Ол кісі бұл сыйлыққа "әдебиет" номинациясы бойынша да лайықты. Өйткені президент әдебиетті дамытуға көп көңіл бөледі. Оған "бейбітшілікті нығайтудағы еңбегі үшін" номинациясы бойынша да сыйлық беруге болады, өйткені Өзбекстанда - тыныштық, бейбіт өмір. Ол кісі ғылым саласындағы Нобель сыйлығын алса да артық емес. Ол отандық журналистикаға көңіл бөліп, арнайы университет ашты. Жуырда швейцариялықтардың (Швециямен шатастырып тұр – ред.) өздері келіп, қадірлі Юртбашымызға (Өзбекстанда мемелкет басшысын осылай атайды – ред.) Нобель сыйлығын табыстайтынын жүрегім сезеді, - дейді депутат Олимжон Тухтаназаров.
Азаттық тілшісі намангандық депутатпен ол Facebook желісінде президент Шавкат Мирзияевке "Өзбекстан қаһарманы" атағын беріп, оның кандидатурасын Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну бастамасын көтерген постынан кейін әңгімелескен еді.
Өзбекстан либерал-демократиялық партиясы басшыларының бірі Азаттыққа депутат Олимжон Тухтаназаровтың ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, президентке құрмет білдіру- партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
- "Менің пікірім" ұжымдық үндеу-хаттар порталында жарияланған ұсынысымыз мәжіліске жолдауға болатындай жеткілікті дауыс жинады. Сәуірдің 27-сі күні біз Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке мемлекеттік жоғары атақ – "Өзбекстан қаһарманы" атағын беру туралы ұсынысымызды жарияладық. Мамырдың 24-і күні ұсынысымызды құптап, 10 мың адам дауыс берді. Партиямыздың белсенділері мен депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. 10 мың дауыс - әлі бастамасы ғана. Бұл - Интернетті пайдалана алатындардың дауысы ғана. Меніңше, президентке бұл атақты берілгенін миллиондаған өзбекстандық қалайды. Жұрт мұны президентке жағынып қалу ниетімен немесе әлдебір қызметке қол жеткізу мақсатымен айтып жүр деп ойлап қалмас үшін мақалаңызда аты-жөнімді көрсетпей-ақ қоюыңызды өтінемін, - дейді Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы басшыларының бірі Азаттыққа.
Өзбекстан Әділет министрлігінің қызметкері Фуркат Таджиев "Менің пікірім" ұжымдық хаттар порталында 10 мың адам қолдап дауыс берген нақты ұсынысты парламентте қарау заңды деп санайды.
- Егер азаматтың ұсынысын 10 мың адам қолдаса, ол мәжілісте қаралуы тиіс, - дейді министрлік өкілі.
Өзбекстандық депутаттардың мемлекет басшысына "Өзбекстан қаһарманы" атағын беру және оның кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсыну бастамасын тәуелсіз бақылаушылар Өзбекстанда қалыптасып келе жатқан жеке басқа табынушылық көрінісінің басы деп санайды.
Кейінгі 12 жыл ішінде бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та талай мәрте (былтыр - жетінші рет) ұсынылған. Назарбаевты номинант ретінде алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы, пәкістандық теолог пен америкалық конгресмен "әлемде бейбітшілікті сақтауға және халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін" марапаттауды ұсынған. Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы иегері болуға Назарбаев «ядролық қарусыздану және бейбітшілікті нығайтудағы еңбегіне» байланысты тағы төрт рет ұсынылған. Бірақ сыйлық оған сол күйі бұйырмады.
(Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Шухрат Бабаджановтың мақаласы толықтырылып аударылды)